Түркия Республикасында «ҚазАгроҚаржы» АҚ, AGROMASH зауыты, Eurasia Group AG және Lindsay Corporation арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат Қазақстанда заманауи ирригациялық инфрақұрылымды дамытуға, өндірісті жергіліктендіруді кеңейтуге және отандық аграршылар үшін озық суару технологияларының қолжетімділігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады, деп хабарлайды Ult.kz.
Бұған дейін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, Lindsay Corporation, AGROMASH және Eurasia Group AG арасында стратегиялық келісімге қол қойылған болатын. Қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асырудың маңызды кезеңдерінің бірі ретінде өнеркәсіптік кооперация туралы келісім аясында алғашқы машина жинақтары AGROMASH зауытына жеткізілді. Бұл жобаның келіссөздер кезеңінен практикалық іске асыру кезеңіне өткенін айқын көрсетеді.
Серіктестікті дамыту жөніндегі жұмысты жалғастыра отырып, Қазақстан делегациясы Түркия Республикасындағы Lindsay Corporation компаниясының өндірістік кешендерінің біріне барды.
«Сапар барысында біз ирригациялық жүйелерді өндірудегі заманауи технологиялармен танысып, өндірісті жергіліктендіру, технологиялар трансферті және серіктестікті кеңейту перспективаларын талқыладық. Біз суару саласындағы шешімдердің қазақстандық фермерлер үшін қолжетімді болуына бар күшімізді салудамыз», – деді AGROMASH зауытының президенті Динара ШҮКІЖАНОВА.
Кездесу барысында қазақстандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған жаңбырлатып суару машиналарын жеткізуді қаржыландыру тетіктеріне ерекше назар аударылды.

«Қазіргі уақытта «ҚазАгроҚаржы» АҚ-да заманауи ирригациялық жүйелерді жылдық 12,6%-дан басталатын мөлшерлемемен жеңілдікті лизингтік қаржыландыру бағдарламасы жұмыс істейді. Бұл бағдарлама аграршылар үшін су үнемдеу технологияларының қолжетімділігін арттыруға, суармалы егіншілікті дамыту қарқынын жеделдетуге және ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін көтеруге мүмкіндік береді», – деді «ҚазАгроҚаржы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Айдос СЕЙТЖАНОВ.
Ирригация саласындағы әлемдік көшбасшы Lindsay Corporation компаниясымен ынтымақтастықты дамыту ауыл шаруашылығы машина жасау саласындағы локализациялау деңгейін арттыру және Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніне озық технологияларды енгізу жолындағы маңызды қадам.
«Бүгінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету су ресурстарын тиімді басқарусыз мүмкін емес. Сондықтан заманауи суару жүйелерін дамыту өнімділікті арттырудың, ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығын қамтамасыз етудің және қазақстандық аграршылардың бәсекеге қабілеттілігін күшейтудің негізгі факторларының біріне айналып отыр», – деді Eurasia Group AG компаниясының директоры Сергей ГЛОККЕ.
Еске сала кетейік, осы жылдың сәуір айында Қазақстан Орталық Азияның негізгі өнеркәсіптік хабы мәртебесін нығайтты. Қазақстандық машина жасаушылардың жаңа серіктестері қатарын саланың жетекші компаниялары – Väderstad, Dewulf, Lindsay Corporation, Amity Technology, Vervaet, Kuhn Group және Brandt Agricultural Products толықтырды.