Ақмола облысында 37 жастағы ер адам түнде көршісінің үйіне заңсыз кіріп, ұйықтап жатқан 20 жастағы әйелді суретке түсірген, деп хабарлайды ult.kz.
Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға қатысты Атбасар ауданының полиция бөліміне ауыл тұрғындарынан арыз түскен. Жәбірленушінің айтуынша, көршісі түн ішінде үйіне рұқсатсыз кіріп, оны ұйықтап жатқан жерінен суретке түсірген.
Полиция бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу барысында күдікті ер адамның көршісінің үйіне кіргені анықталған. Ол өз әрекетін қызбен сөйлескісі келгенімен түсіндірген.
Қазір полиция оқиғаның барлық мән-жайын және ер адамның әрекетіне не себеп болғанын анықтап жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.
Полиция бөтен адамның үйіне заңсыз кіру заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.