«Картаңды берсең, ақша төлеймін»: Оралда дропперлер желісін құрған күдікті ұсталды

«Картаңды берсең, ақша төлеймін»: Оралда дропперлер желісін құрған күдікті ұсталды
Банк картасын басқаға бергендер енді заң бойынша жазаланады

Оралда киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері дропперлер желісін ұйымдастырды деген күдікпен ер адамды ұстады. Ол белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарды тауып, банк карталарын ашқаны үшін ақша төлеген, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, күдікті әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарды іздеп, оларға банк шоттары мен карталарын рәсімдегені үшін сыйақы ұсынған. Банктен верификациядан өткеннен кейін азаматтар өздерінің банктік деректеріне қолжетімділікті күдіктіге берген.

Полиция жүргізген жедел іс-шаралар барысында шамамен 40 дроппер анықталды. Тергеу мәліметіне сәйкес, олардың банк шоттары мен карталары интернет-алаяқтық арқылы азаматтардан ұрланған қаражатты аудару үшін пайдаланылған.

Тінту кезінде күдіктіден 732 мың теңге, 14 ұялы телефон, SIM-карталар мен банк карталары тәркіленді.

Ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалып, сот оны қамауға алу туралы санкция берген. Қазір тергеу жалғасып жатыр. Полиция қылмыстық схеманың басқа эпизодтары мен оған қатысы болуы мүмкін тұлғаларды анықтап жатыр.