Түркістан облысында Сырдария өзеніне батып кеткен ағайынды екі жігіттің денесі бірнеше күндік іздестіруден кейін табылды, деп хабарлайды ult.kz.
Қайғылы оқиға 22 тамызда Үшқайық ауылдық округі аумағында болған. 28 және 24 жастағы ағайынды жігіттер суға түсуге тыйым салынған жерде шомылған. Суға түсу кезінде інісі батып бара жатқанда, ағасы оны құтқаруға ұмтылған. Алайда екеуі де өзенге батып кеткен.
Оқиға туралы хабар түскен бойда құтқарушылар іздестіру жұмыстарын бастаған. Операцияға 90-ға жуық адам, арнайы техника, жүзу құралдары мен дрон жұмылдырылды.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 24 тамызда 2002 жылы туған жігіттің денесі шомылған жерден шамамен 6 шақырым қашықтықтан табылып, судан шығарылған.
Ал 25 тамызда іздестіру жұмыстары барысында 1998 жылы туған ағасының денесі оқиға орнынан шамамен 30 шақырым жерден табылды.
ТЖД азаматтарды суға түсуге тыйым салынған орындарға бармауға және судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.