Ғабит Мүсірепов театры Шри-Ланкада екі бірдей жүлде жеңіп алды

Ғабит Мүсірепов театры Шри-Ланкада екі бірдей жүлде жеңіп алды
Gov.kz

Қазақстандық театр ұжымы Коломбода өткен халықаралық фестивальде «Үздік спектакль» және «Үздік актриса» аталымдарында топ жарды, деп хабарлайды ult.kz.

Коломбо қаласында XII Colombo International Theatre Festival халықаралық театр фестивалі аяқталды. Өнер додасына Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры да қатысып, көрерменге «Қаһар» спектаклін ұсынды.

Француз драматургі Жан Ануйдың шығармасы негізінде сахналанған моноспектакльді режиссер Дина Жұмабаева қойды. Қойылым «Үздік спектакль» аталымында жеңімпаз атанды.

Ал басты рөлді сомдаған Аида Жантілеуова «Үздік актриса» жүлдесін иеленді.

«Қаһар» — адам жанының арпалысы мен ішкі қайшылығын сахна тілі арқылы жеткізетін психологиялық моноспектакль.

Халықаралық фестивальге Қазақстаннан бөлек Канада, Үндістан, Дания, Польша, Италия, Сербия, Армения, АҚШ және Испанияның театр ұжымдары қатысты.