Қазақстандық лоукостер Fly Arystan 2025 жылы жолаушылардан артық багаж үшін 1,5 млрд теңге кіріс тапқан. Бұл туралы әуе компаниясының қаржылық есебінде көрсетілген, деп хабарлайды ult.kz.
Лоукостердің стандартты билетіне салмағы 7 келіге дейінгі, көлемі 56×23×35 сантиметрден аспайтын қол жүгі кіреді. Белгіленген нормадан асқан багаж үшін жолаушылар қосымша ақы төлейді.
Компания басшылығының 2025 жылғы жалақысы мен бонустарын қоса алғандағы сыйақысы 1,3 млрд теңге болған. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 820,7 млн теңгені құраған.
Fly Arystan өткен жылды 4,5 млрд теңге шығынмен аяқтаған. 2024 жылы компанияның шығыны 3,6 млрд теңге болған. Осылайша, шығын көлемі бір жылда 27 пайызға өскен.
Сонымен қатар компанияның түсімі айтарлықтай артқан. 2025 жылы Fly Arystan 203,1 млрд теңге түсім алған. 2024 жылы бұл көрсеткіш 36,8 млрд теңге болған. Түсімнің 173,8 млрд теңгесі жолаушылар тасымалынан түскен.
Әуе компаниясы биыл қарашада әуе паркін Airbus A320neo ұшағымен толықтыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ акция орналастыру арқылы 8 млрд теңге тарту көзделген.
Fly Arystan 2018 жылы құрылған және Air Astana-ның 100 пайыз еншілес компаниясы саналады. 2024 жылы лоукостер жеке әуе пайдаланушысы сертификатын алған.
2026 жылғы 1 наурыздан бастап Fly Arystan президенті қызметіне бұған дейін Wizz Air компаниясында жұмыс істеген Йохан Эйдхаген тағайындалды.