Есірткі ісі: көліктегі полиция қызметкерлері күдікке ілінді

Есірткі ісі: көліктегі полиция қызметкерлері күдікке ілінді
ҰҚК

Көліктегі полицияның екі қызметкері есірткі тасымалына қатысы болуы мүмкін деген күдікпен ұсталды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ult.kz.

Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, күдіктілер Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласында ұсталған. Алдын ала мәлімет бойынша, олар есірткі тасымалына қатысты қылмыстық іске байланысты күдікке ілінген.

Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу бабымен қылмыстық іс қозғалған.

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл ақпаратты растады.

«ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті сұрауыңызды қарастырды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген ҰҚК бөлімше бастығы Олжас Бектенов қол қойған жауапта.

Егер күдіктілердің кінәсі сотта дәлелденсе, оларға мүлкін тәркілей отырып, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.