Абай облысының тұрғыны жүргізуші куәлігін ауыстырмақ болып, күтпеген жайтқа тап болды. Ол eGov порталы арқылы құжат рәсімдеуге әрекеттенген кезде өзін психиатриялық есепте тұрған адам ретінде тіркелгенін білген, деп хабарлайды ult.kz.
Ер адам мұндай есепте ешқашан тұрмағанын айтып, аурухана мен облыстық денсаулық сақтау басқармасын сотқа берген. Ол психикалық науқастардың ұлттық тізіліміндегі мәліметтерді заңсыз деп танып, өзіне қатысты ақпаратты өшіруді талап еткен.
Істі қарау барысында медициналық мекеменің арнайы комиссиясы азаматты есепке қою туралы деректер қате енгізілгенін анықтаған. Комиссияның қорытындысына сәйкес, мәліметтер тиісті медициналық тексерусіз және диспансерлік бақылау тәртібі сақталмай енгізілген.
Соған қарамастан, уәкілетті орган аурухананың бұл мәліметтерді ақпараттық жүйеден алып тастау туралы өтінішін қараусыз қалдырған.
Аурухана өкілдері талап қоюшының амбулаториялық картасы сақтау мерзімі өткендіктен жойылғанын айтқан. Алайда оны растайтын құжат ұсынылмаған.
Ал денсаулық сақтау басқармасы азаматтың тізілімнен шығарылуы үшін қайтадан дәрігерлік-консультациялық комиссиядан өтуі керек екенін мәлімдеген.
Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты істі зерттеп, азаматтың психиатриялық есепке заңсыз қойылғаны туралы қорытындыға келді.
Сот барысында жауапкерлер азаматтың:
– психиатриялық көмекке жүгінгенін;
– медициналық тексеруден өткенін;
– диспансерлік бақылауда болғанын;
– ем алуға келісім бергенін дәлелдей алмаған.
Нәтижесінде сот талап арызды толық қанағаттандырды. Енді аурухана мен денсаулық сақтау басқармасы азамат туралы мәліметтерді психикалық науқастардың ұлттық тізілімінен алып тастауға міндеттелді.