Дариға мен Олжас қана емес: Кинодағы махаббатын шын өмірде жалғастырған жұлдыздар

Дариға мен Олжас қана емес: Кинодағы махаббатын шын өмірде жалғастырған жұлдыздар
Фото-коллаж: ult.kz

Кино әлемінде бір-біріне ғашық болып, соңында қосылатын кейіпкерлер аз емес. Алайда кейде экрандағы сезім түсірілім алаңынан тыс жерде де жалғасады. Бір фильмде ғашықтардың рөлін сомдаған актерлер уақыт өте бір-біріне шын көңілден ғашық болып, шаңырақ көтеріп жатады. Қазақ киносы мен телехикаяларында да осындай махаббат хикаялары кездеседі, деп хабарлайды ult.kz.

1. Дариға Бадықова мен Олжас Абай

Қазақ киносының танымал жұбы Дариға Бадықова мен Олжас Абай экрандағы махаббат хикаясын шынайы өмірде жалғастырды. Екеуі 2023 жылы жарық көрген “Таптым-ау сені” фильмінде Сәуле мен Жексеннің рөлін сомдап, көрерменнің ықыласына бөленді. Кейін актерлер “Тастаймын-ау сені” және “Таптым-ау сені 2” фильмдерінде де бірге өнер көрсетті. Алғашында олардың қарым-қатынасы тек шығармашылық серіктестік пен достыққа негізделген. Олжас Абай сұхбаттарының бірінде Дариғамен алғашқы түсірілім кезінде тіл табысу оңай болмағанын да жасырмаған. Уақыт өте екеуі жақын араласып, араларындағы достық махаббатқа ұласқан. 2026 жылдың қыркүйегінде Олжас Абай әлеуметтік желіде Дариғаға деген сезімін ашық білдіріп, оған ғашық екенін жеткізді. Арада көп уақыт өтпей, қос өнер иесінің құдалығынан түсірілген бейнежазбалар желіде тарады. Ал 12 қазанда Дариға Бадықова мен Олжас Абай Алматыда дүркіретіп үйлену тойын өткізді. Осылайша бірнеше жыл бойы кинода жұп болып ойнаған актерлер шынайы өмірде де шаңырақ көтерді.

2. Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешова

Қазақ киносының ең танымал махаббат хикаяларының бірі – Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешованың тағдыры. Екеуі режиссер Сұлтан Қожықов түсірген “Қыз Жібек” фильмінде Төлеген мен Жібектің рөлін сомдады. Түсірілім басталғанда Меруерт Өтекешова небәрі 17 жаста болған. Кинода бір-біріне ынтық болған екі жастың сезімі кейін шынайы өмірде де жалғасын тапты. Актрисаның айтуынша, олар фильм аяқталған бойда үйленбеген, біраз уақыт кездесіп жүрген. Жастық шақтарында екеуі таңертең құймақханаға барып, бірге уақыт өткізуді әдетке айналдырған. Құман Тастанбеков түсірілім кезінде болашақ жарына даладан теріп алған гүл сыйлаған. Меруерт Өтекешова сол гүлді ондаған жыл бойы сақтап келгенін айтқан. Кейін өнер иелері шаңырақ көтеріп, Жібек, Томирис және Фараби есімді үш баланың ата-анасы атанды. Құман Тастанбеков 2017 жылы дүниеден өтсе де, олардың махаббат хикаясы қазақ көрерменінің жадында сақталып қалды.

3. Талғат Нығматулин мен Венера Нығматулина

Кино арқылы табысқан тағы бір танымал жұп – актер Талғат Нығматулин мен актриса Венера Нығматулина. Екеуі 1981 жылы режиссер Мелис Убукеев түсірген “Провинциялық роман” фильмінде бірге ойнады. Картинада Талғат Мұрат есімді ер адамның, ал Венера Гуля есімді қыздың бейнесін сомдаған. Фильмде екі кейіпкердің арасындағы күрделі махаббат оқиғасы баяндалады. Осы түсірілім барысында актерлер бір-біріне жақын болып, араларында сезім пайда болған. Кейін Талғат Венераға үйленуге ұсыныс жасап, екеуі отбасын құрды. 1983 жылы олардың Линда есімді қызы дүниеге келді. Линда Нығматулина да ата-анасының жолын қуып, актерлік өнерді таңдады. Өкінішке қарай, 1985 жылы Талғат Нығматулин қайтыс болып, ерлі-зайыптылардың ортақ өмірі ерте үзілді. Соған қарамастан олардың махаббат хикаясы кино тарихындағы есте қаларлық оқиғалардың бірі болып қалды.

4. Ермек Тұрғанбек пен Нарқыз Айдарова

Әзілхан Нұршайықовтың “Махаббат, қызық мол жылдар” романы желісімен түсірілген телехикаядағы Ербол мен Меңтайдың махаббаты шынайы өмірде де жалғасын тапты. Басты рөлдерді сомдаған Ермек Тұрғанбек пен Нарқыз Айдарова түсірілім кезінде бір-біріне ғашық болып, кейін шаңырақ көтерді. Екеуі бұған дейін Т. Жүргенов атындағы өнер академиясында оқып жүргенде бірін-бірі сырттай танығанымен, жақын араласпаған. Ал телехикаяға дайындық барысында жиі кездесіп, бір-бірін жақынырақ тани бастаған. Ермектің айтуынша, түсірілім басталғаннан кейін бір жарым ай өткенде Нарқызға деген сезімін анық түсінген. Кейін ол қызға көңілін білдіріп, кездесуге ұсыныс жасаған. Нарқыз да ғашықтардың рөлін сомдау барысында Ермекке бауыр басып қалғанын айтқан. Тіпті түсірілім тобы екеуінің болашақта отбасын құратынын алдын ала әзілдеген екен. Ақыры 2020 жылдың 19 қыркүйегінде телехикаяның түсірілімі аяқталып, келесі күні, 20 қыркүйекте қос ғашық шаңырақ көтерген. Кейін ерлі-зайыптылар ұлды болып, отбасылық өмірін бірге жалғастырды.

Келесі жұптың оқиғасы кино емес, театр сахнасындағы махаббаттың өмірмен ұштасқан мысалы.

5. Азамат Сатыбалды мен Назгүл Қарабалин

Азамат Сатыбалды мен Назгүл Қарабалинаның махаббаты да өнермен тығыз байланысты. Екеуі алғаш рет өнер академиясында бір курста оқып жүргенде танысқан. Назгүл Қарабалина сұхбаттарының бірінде Азаматқа алғаш болып өзі ғашық болғанын жасырмаған. Кейін қос өнер иесі театр сахнасында да жұп болып өнер көрсетті. Олар “Махаббат дастаны” спектаклінде Қозы мен Баянның бейнесін сомдаған. Азамат Сатыбалдының айтуынша, қойылым басталған кезде екеуі әлі қыз бен жігіт болып жүрген. Кейін отбасын құрғанымен, ғашықтардың рөлін сахнада бірнеше жыл бойы ойнауды жалғастырған. 2018 жылы спектакльдің жүзінші қойылымында екеуі Қозы мен Баянды соңғы рет сомдады. Ал 2026 жылы ерлі-зайыптылар “Мама!” толықметражды фильмінің түсіріліміне бірге қатысты.

Кейде өнер адамдарының тағдыры өздері сомдаған кейіпкерлердің оқиғасымен үндесіп жатады. Көрерменді тәнті еткен ғашықтар уақыт өте бір-бірінің өмірінен де ерекше орын тапқан. Мұндай оқиғалар киноның тек қиялдан туған дүние емес, адам тағдырымен де тығыз байланысты екенін аңғартады. Ал көпшіліктің жүрегінен орын алған бұл жұптардың таныстығы мен отбасылық тарихы әлі де қызығушылық тудырып келеді.