Ақтөбеде дәмханалардың бірінде келушінің ұялы телефонын ұрлады деген күдікпен ер адам ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz-тің алдын ала мәлімет бойынша, келуші алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін үстел басында ұйықтап қалған. Осы сәтті пайдаланған күдікті оның жанындағы үстелде жатқан телефонды жасырын алып, оқиға орнынан кетіп қалған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны бөлімшеге жеткізді.
Аталған дерек бойынша ұрлық фактісімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері Ақтөбе облысында ұялы телефон ұрлығының 117 дерегі тіркелген.
Осыған байланысты тәртіп сақшылары азаматтарды жеке мүлкіне мұқият болуға шақырады. Полиция қоғамдық орындарда телефонды қараусыз қалдырмауға, көзге түсетін жерге қоймауға, алкогольді шамадан тыс тұтынбауға, телефонды жабылатын сөмкеде немесе ішкі қалтада сақтауға және мүлік жоғалған жағдайда дереу полицияға хабарласуға кеңес береді.