«Бұл эмоция емес, айқай»: Еркеш Хасен әріптесінің өнеріне көңілі толмады

«Бұл эмоция емес, айқай»: Еркеш Хасен әріптесінің өнеріне көңілі толмады
Фото-коллаж: видеодан скриншот/ ЖИ арқылы өңделген

Танымал әнші Еркеш Хасен «Жұлдызды жекпе-жек» бағдарламасында Қобыланды Болаттың ән орындау мәнерін сынға алды, деп хабарлайды ult.kz.

Бағдарламада қазылық еткен Еркеш Хасен қатысушының өнеріне қатысты ойын ашық айтты. Оның пікірінше, әнді әсерлі жеткізу үшін дауысты барынша көтерудің қажеті жоқ. Әнші сахнадағы шынайы эмоция мен орынсыз айқайдың ара-жігін ажырата білу маңызды екенін жеткізді.

«Қарсылық танытып жатыр деп айып етпеңіздер. Бірақ мен оқыған адам ретінде айтайын. Менің ойымша, бұл әнде айқайға салудың ешқандай реті жоқ секілді. Тек көрермен ретінде ғана. Қайрат аға, бұл эмоция емес, бұл айқай», – деді Еркеш Хасен.

Осы сәтте қазылар алқасындағы Қайрат Әділгерей әріптесінің пікірімен әзілдесе келіспей, Қобыландының ән орындау барысында эмоциясын көрсеткенін айтты.

Екі қазының пікір алмасуы бағдарламадағы ерекше сәттердің біріне айналды. Кейін бұл үзінді әлеуметтік желіде таралып, көпшіліктің талқысына түсті.

Желі қолданушыларының арасында әншінің сынын қолдағандар да, сахнада эмоцияны ашық көрсетуге болатынын айтқандар да болды.

Еркеш Хасен кім?

Еркеш Хасен – қазақстандық әнші, композитор және тележүргізуші. Ол 1997 жылы 16 тамызда Ақтөбе облысының Хромтау қаласында дүниеге келген. Болашақ әнші сегіз айлық кезінде анасынан айырылып, әкесі мен әжесінің тәрбиесінде өскен. Бала кезінен музыкаға қызығып, түрлі өнер байқауларына қатысқан. Алғашқы жетістіктерінің бірі – "Балбөбек" байқауында бас жүлде иеленуі. Кейін белгілі композитор Марат Омаровтың шәкірті атанып, кәсіби өнер жолына қадам басты. 2011 жылы Ресейдің "Минута славы" телевизиялық жобасына қатысып, финалға дейін жетті. Қазақстандық көрермен оны "Айгөлек" балалар бағдарламасының жүргізушісі ретінде де таниды.

Еркеш Хасен Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алған. Шығармашылық жолында Alem Band тобының құрамында ән айтып, кейін жеке орындаушы ретінде танылды. Оның "Көзің әдемі", "Жылама", "Ботам-ау", "Дұрыс болмады" және "Әкем патша" әндері тыңдарманға белгілі. Әсіресе 2022 жылы жарық көрген "Көзің әдемі" әні әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, танымалдылығын арттырды. Әнші бұл туындының әуенін өзі жазғанын, ал сөзін ақын Шадияр Есенәлі шығарғанын айтқан.

Еркеш Хасен әншіліктен бөлек, «Өз үйім» және «Менің бапкерім» телехикаяларында актер ретінде өнер көрсетті. Сондай-ақ ол Қуандық Рахым, Әділет Жауғашар және басқа да отандық орындаушыларға ән жазып, композитор ретінде де танылды.