Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында балабақша бухгалтері өзіне заңсыз түрде жоғары жалақы төлеп, бюджет қаражатын иемденді деген күдікке ілінді, деп хабарлайды ult.kz.
Аудан прокуратурасының тексеруі кезінде есепші штаттық кестеде белгіленген жалақыдан жоғары мөлшерде қаражатты бес жыл бойы өзінің банк шотына негізсіз аударып келгені анықталған. Жалпы шығын көлемі 30 млн теңгеден асады.
Осы дерек бойынша прокуратура Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Іс аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған мүлікті иемдену дерегі бойынша қаралып жатыр. Тергеуді Батыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті жүргізуде.
Аталған бап бойынша кінәлі деп танылған адамға мүлкін тәркілеу және белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырумен қатар, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес істің өзге мән-жайлары жария етілмейді.