Қазақстанда балық аулау кезінде Каспий теңізі арқылы мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен Иранның үш азаматы сотталды, деп хабарлайды ult.kz.
Маңғыстау облысының прокуратурасының мәліметінше, оқиға 24 шілдеде болған. Иран азаматтары балық аулау кезінде Қазақстанның мемлекеттік шекарасын өткізу пунктінен тыс жерде заңсыз кесіп өткен. Кейін оларды ҰҚК Шекара қызметінің әскери қызметшілері ұстаған.
Оларға ҚР Қылмыстық кодексінің 392-бабы 1-1-бөлігі бойынша, яғни адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша мемлекеттік шекараны өткізу пунктінен тыс жерде қасақана заңсыз кесіп өткені үшін айып тағылған.
Қарақия аудандық соты үшеуін де кінәлі деп танып, әрқайсысына бір жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар олар Қазақстан аумағынан шығарылуға жатады.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.