Балқаш көлінің жағалауында Металлург күніне арналған ғаламат фестиваль өтті

Балқаш көлінің жағалауында Металлург күніне арналған ғаламат фестиваль өтті
ашық дереккөз

17 шілде күні Балқаш көлінің жағалауында Металлург күніне арналған Metallurg Fest мерекелік фестивалі өтті. Ауқымды концертке қала тұрғындары мен қонақтары, кәсіпорын қызметкерлері, сала ардагерлері және олардың отбасы мүшелері жиналды.

Металлург күні Балқаш қаласы үшін айрықша маңызға ие. Себебі қаланың тарихы мен дамуы металлургия өндірісімен тығыз байланысты. Бұл мереке – кәсіпорынның, қаланың және отандық өнеркәсіптің дамуына үлес қосып жүрген еңбек адамдарына көрсетілген құрметтің белгісі.

Қонақтарға мазмұнды концерттік әрі ойын-сауық бағдарламасы ұсынылды. Мерекелік алаңда интерактивті аймақтар, балаларға арналған ойын алаңдары, сондай-ақ металлургтердің еңбегі мен «Қазақмыс» компаниясының тарихына арналған ортақ арт-панно жасауға арналған кеңістік ұйымдастырылды.

Музыкалық бағдарламаны Timur Teams ұжымы мен әнші IL’HAN ашты. Көрермендер Балқаш мыс балқыту зауытының қызметкерлері Ерсұлтан Сәкенов пен Әділжан Бисенбаевтың ERS & Adilzhanym сахналық атауымен жасаған өнерін ерекше ықыласпен қабылдады. Металлургтердің өмірі мен еңбегіне арналған әндері көпшіліктің жүрегінен орын тапты.

Кештің ерекше көріністерінің бірі CrossFire тобы ұсынған «Салтанат» жарық шоуы болды. Онда ұлттық нақыш, заманауи хореография және жарық эффектілері үйлесім тапты.

Сахнада сондай-ақ Болат Құсайынов, Жанар Дұғалова және аты аңызға айналған «Ялла» вокалды-аспаптық ансамблі өнер көрсетті. Кештің басты музыкалық оқиғасы – «Ирина Кайратовна» тобының концерті болды. Танымал ұжым Балқаш көлінің жағалауын ашық аспан астындағы үлкен би алаңына айналдырды.

Концерт барысында түрлі тақырыптық интерактивтер ұйымдастырылып, көрермендермен еркін форматта байланыс орнатылды. Жүргізушілер Марат Оралғазин мен Еркебұлан Мырзабек қонақтарға қоршаған ортаға ұқыпты қараудың және мереке өткен аумақтың тазалығын сақтаудың маңызын еске салып отырды.

Мерекелік кеш металлургтерге арналған әсерлі отшашумен аяқталды. Қонақтардың қауіпсіздігін құқық қорғау органдарының қызметкерлері қамтамасыз етті. Концерттен кейін коммуналдық қызмет мамандары мен белсенді тұрғындар жағалау аумағын тазалап шықты.

Металлург күнін мерекелеу Балқаш жұртшылығын тағы да ондаған жылдар бойы қаланың болмысын, еңбек дәстүрін және болашағын айқындап келе жатқан мәртебелі мамандық төңірегіне топтастырды.