Балаларды жалған емдеген стоматологиялық клиникалардың басшысы сотталды

Балаларды жалған емдеген стоматологиялық клиникалардың басшысы сотталды
ашық дереккөз

Алматы облысында туа біткен патологиясы бар балаларға көрсетілмеген медициналық қызметтер үшін МӘМС қаражатын заңсыз алған стоматологиялық клиникалардың басшысы сотталды, деп хабарлайды ult.kz.

Алматы облысы прокуратурасының бастамасымен жүргізілген тексеру барысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражатын заңсыз иемдену фактісі анықталған.

Тексеру нәтижесінде жалған медициналық қызметтер көрсету арқылы 65,9 млн теңге заңсыз алынғаны белгілі болды.

Анықталғандай, екі жеке стоматологиялық клиниканың басшысы пациенттердің дербес мәліметтерін пайдаланып, медициналық ақпараттық жүйеге туа біткен патологиясы бар балаларға көрсетілмеген ортодонтиялық қызметтер туралы жалған ақпарат енгізген. Осы мәліметтердің негізінде Медициналық сақтандыру қорының қаражатынан клиникаларға заңсыз төлемдер жүргізілген.

Осы дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен («Алаяқтық») қылмыстық іс тіркелді.

Сот үкімімен кінәлі тұлға сотталып, мемлекетке келтірілген 65,9 млн теңге көлеміндегі залал толық өтелді.