Танымал әнші Роза Әлқожа әлеуметтік желідегі парақшасында көпшілікке кеңінен таныс «Сағындым сені» әнінің тағдырына тоқталып, туындының жаңа орындауда қалай өзгергенін айтып берді, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесінің айтуынша, әр әннің өзіндік тарихы мен тағдыры бар. Уақыт өте келе туынды түрлі орындаушылардың дауысымен жаңаша сипат алып, тыңдарман жүрегіне әрқалай жол табады. Роза Әлқожа "Сағындым сені" әнінің алғашында бала жүрегіндегі сағыныштан туғанын жеткізді. Кейін бұл туындыға Ажардың Оразалыны жоқтаған мұңы мен өкініші қосылып, әннің мазмұны бұрынғыдан да тереңдей түскен.
"Бұл әнді қазақ-қырғыз, кабардина-балқар елі орындайды. Түрік дүниесі тамсанған ән әу баста бала жүректің сағынышы еді. Таза сезімнің тұмасы болғандықтан да талайларды тербеді. Оған Ажардың ащы зары мен өкініші қосылғанда бар әттеңнің әйдік нотасын басты. Бұл сор мен бақтан тұратын тірлік-тепкінің шындығы еді", – деп жазды әнші.
Сондай-ақ өнер иесі әннің тағы бір жаңа нұсқасының дүниеге келуіне өзі себепкер болғанын айтты. Оның сөзінше, Майра апайы Серікболмен бірге ән орындауды ұсынғанда, ол көп ойланбастан "Сағындым сені" туындысын таңдаған.
"Енді Майра апамыз Серікболмен ән айт дегенде осы әнді ұсындым. "Сағындырған әндер-айда" елдің сағынып тыңдайтын әнін неге орындамасқа?! Серік інімнің зор дауысымен ән басқа бір кеңістікке алып кеткендей!" – деп әсерімен бөлісті Роза Әлқожа.
Әнші бір туындының әртүрлі орындауда шырқалуын құптайтынын да жасырмады. Оның пікірінше, әннің жаңаша орындалуы бастапқы құнын жоғалтпайды, керісінше, оған өзгеше реңк беріп, тыңдарманға басқа қырынан танытады.
Осылайша Роза Әлқожа "Сағындым сені" әнінің уақыт өткен сайын жаңа мазмұнға ие болып, бірнеше халықтың жүрегінен орын тапқанын атап өтті.
Роза Әлқожа кім?
Роза Әлқожа – қазақ эстрадасының танымал әншісі, ақын әрі композитор. Ол 1981 жылы 1 қазанда дүниеге келген.
Бала кезінен ән мен жырға қызығып, домбыра үйірмесіне қатысқан. Мектеп қабырғасында жүріп түрлі өнер байқауларына қатысып, "Әнші балапан" байқауында бас жүлде иеленген. Мектепті үздік аяқтағаннан кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түскен. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң "Ақ жол – Қазақстан" газетінің өнер бөлімінде еңбек еткен. Кейін журналистикадан әншілікке бет бұрып, шығармашылық жолын жалғастырған.
2008 жылы "Мен сыйға тартқан орамал" атты алғашқы ән жинағы жарық көрді. Оның "Жылатқаның неткенің", "Қара күз", "Жүрек назы", "Ән салшы, Роза", "Мына өмір ғажап қандай" әндері көпшілікке кеңінен танылды.
Роза Әлқожа өз репертуарындағы шығармалармен қатар басқа өнерпаздарға да ән жазған. Атап айтқанда, Ажар Түзелбекқызы орындаған "Сағындым сені", "Бақыттымын", Еркін Нұржанов шырқаған "Қаңтарда жауған жаңбыр" туындыларының авторы. Әнші шығармашылығында ұлттық нақыш пен қазақы әуенге ерекше мән береді. Ол бірнеше жеке шығармашылық кеш өткізіп, тыңдарманымен жүздескен. Сондай-ақ өнер иесі Мұқағали Мақатаев атындағы медальмен марапатталған. Роза Әлқожа журналист Айдын Қабамен отбасын құрған, бес баланың анасы.