Атыраудағы қылмыс: Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты іс тоқтатылды

Атыраудағы қылмыс: Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты іс тоқтатылды
Видеодан скриншот

Атырау облыстық прокуратурасы бүтін бір отбасының өліміне қатысты резонанстық іс бойынша Сұлтан Сәрсемәлиевтің бұрынғы әйелі Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты қылмыстық істің тоқтатылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Облыс прокурорының көмекшісі Айсұлу Сүлейменнің айтуынша, тергеу барысында Ақбаян Мұқанғалиеваның бұрынғы жұбайы жасаған аса ауыр қылмысты жасырғанын растайтын жеткілікті дәлелдер анықталмаған. Осыған байланысты оған қатысты қылмыстық іс тоқтатылған.

Еске салайық, өткен жылы Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева Индонезиядағы Ломбок аралының Сенару ауылында ұсталғаннан кейін екеуіне де «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын.

Кейін тергеу барысында Ақбаян Мұқанғалиеваға тағылған адам өлтіру айыбы қылмыс құрамының болмауына байланысты алынып тасталды. Алайда құқық қорғау органдары оның бұрынғы жұбайының қылмысын жасыруы мүмкін деген күдікпен істі бөлек өндіріске шығарып, тергеуді жалғастырған еді. Тергеу нәтижесінде бұл күдік те расталмай, іс тоқтатылды.

Прокуратураның мәліметінше, Алматыда жүргізілген кешенді стационарлық сот-психологиялық-ппсихиатриялық сараптама қорытындысы бойынша Ақбаян Мұқанғалиеваға динамикалық бақылау жүргізу және қосымша диагностика қажет деп танылған. Қазіргі уақытта ол тиісті ем қабылдап жатыр.

Ал Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот процесі аяқталуға жақын. Алғашында 7 шілдеге белгіленген жарыссөз сот ғимаратындағы электр қуатының өшуіне байланысты кейінге шегеріліп, 9 шілде күні сағат 11:00-ге жоспарланды.