Атырау-Астрахань тасжолында көлік аударылып, үш адам қаза тапты

Атырау-Астрахань тасжолында көлік аударылып, үш адам қаза тапты
Astana TV

Атырау-Астрахань тасжолында жантүршігерлік жол апаты болып, үш адам қаза тапты. Тағы төрт адам түрлі дене жарақатын алған, деп хабарлайды ult.kz.

Атырау облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 26 тамызда сағат 05:30 шамасында тасжолдың 721-шақырымында болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Ipsum көлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай, жол жиегіне аударылып кеткен. Апат салдарынан көліктегі үш адам оқиға орнында көз жұмған. Тағы төрт адам жарақат алып, медициналық көмекке жүгінген.

Қазір полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасының мән-жайын анықтап, тиісті іс-құжаттарды жинақтап жатыр.

Полиция жүргізушілерді жолға шығар алдында көліктің техникалық жағдайын мұқият тексеруге шақырды. Сондай-ақ жолда жылдамдықты асырмай, барынша сақ болу және көлік басқару кезінде ұялы телефон қолданбау қажеттігін ескертті.

Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында мотоцикл тізгіндеген 13 жастағы қыздың қаза болғанын жазған едік.