Астанада Threads арқылы жалған концерт билеттерін сатқан ер адам сотталды

Астанада Threads арқылы жалған концерт билеттерін сатқан ер адам сотталды
ашық дереккөз

Астанада Threads әлеуметтік желісі арқылы концертке жалған билет сатқан 30 жастағы ер адам сотталды, деп хабарлайды ult.kz.

Қала прокуратурасының мәліметінше, ер адам алдымен ресми сайттан екі билет сатып алған. Кейін олардың деректерін өзгертіп, әлеуметтік желіде сатылымға шығарған.

Жалған хабарландыруға екі адам жауап берген. Олардың бірі кәмелетке толмаған. Сатып алушылар сатушыға тиісінше 50 мың және 40 мың теңге аударған.

Ақшаны алғаннан кейін ер адам екеуін де бұғаттап, байланысқа шықпай қойған. Осылайша, келтірілген жалпы шығын 90 мың теңгені құраған.

Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындап, келтірілген шығынды өтеген. Осы мән-жайлар ескеріліп, оған екі жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ жазаның бүкіл мерзімінде пробациялық бақылау белгіленді.

Үкім заңды күшіне енді.

Астана прокуратурасы азаматтарды концерт билеттерін тек ресми көздерден сатып алуға және әлеуметтік желілердегі бейтаныс сатушыларға ақша аудармауға шақырды.