Астанада Telegram арқылы қыздармен таныспақ болған үш ер адамды ұрлап, бопсалаған үш адам 7 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енді, деп хабарлайды ult.kz.
Астана прокуратурасының мәліметінше, сотталғандар Telegram желісінде қыздардың атынан жалған аккаунттар ашып, ер адамдарды кездесуге шақырған.
Алайда кездесуге келген азаматтарды күштеп қала сыртына алып кетіп, ұрып-соққан. Сондай-ақ олар жәбірленушілерді өздеріне қатысты компромат видеоларды жариялаймыз деп қорқытқан.
Осылайша, қылмыскерлер үш жәбірленушіден 2,2 миллион теңге алған. Олардың бірін микроқаржы ұйымынан несие рәсімдеуге мәжбүрлесе, екіншісінің көлігін тартып алған.
Сотта мемлекеттік айыптаушы күдіктілердің кінәсін толық дәлелдеген. Нәтижесінде үш адам адам ұрлау және бопсалау қылмыстары үшін кінәлі деп танылып, 7 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Жәбірленушілердің келтірілген шығынды өтеу туралы азаматтық талаптары да қанағаттандырылды.
Прокуратура азаматтарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде танысу кезінде сақ болуға шақырды. Ведомствоның ескертуінше, ауырлататын мән-жайлар кезінде адам ұрлау және бопсалау қылмыстары үшін мүлікті тәркілеумен бірге 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.