Астанада «права» мәселесін шешіп беремін деген алаяқ ұсталды

Астанада «права» мәселесін шешіп беремін деген алаяқ ұсталды
24.kz

Астанада азаматтарға жүргізуші куәлігін жасап беруге уәде етіп, 2,3 млн теңге алған алаяқ 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына сотталды, деп хабарлайды ult.kz..

Сотта прокурор оның кінәсін толық дәлелдеді. Сотталушы кінәсін мойындап, келтірілген шығынды ішінара өтеген. Осы жайттар ескеріліп, оған пробациялық бақылау белгіленді. Сонымен қатар жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тарту жазасы тағайындалды.

Сотталған адамға тұрғылықты және жұмыс орнын пробация қызметін хабардар етпей өзгертуге, алкогольдік ішімдік ішілетін ойын-сауық орындарына баруға тыйым салынды. Сондай-ақ жұмыссыз қалған жағдайда жұмыспен қамту органына тіркелуі және 22:00-ден 06:00-ге дейін тұрғылықты жерінен тыс жерде болмауы тиіс.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Прокуратура азаматтарды жүргізуші куәлігін немесе өзге де мемлекеттік қызметтерді заңсыз жолмен алуға уәде ететін адамдарға ақша бермеуге шақырды.