Астанада кафені өз мүлкіндей сатып, 21 млн теңге алған күдікті ұсталды

Астанада кафені өз мүлкіндей сатып, 21 млн теңге алған күдікті ұсталды
Polisia.kz

Астана қаласының криминалдық полиция қызметкерлері ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікпен 41 жастағы қала тұрғынын ұстады, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, күдікті белгілі бір мерзімге жалға алған кәсіпкерлік нысанды өз меншігіндегі мүлік ретінде таныстырған. Ол өзін кафенің заңды иесі ретінде көрсетіп, сатып алушымен келіссөз жүргізіп, жалған ақпарат арқылы оның сеніміне кірген.

Кейін тараптар арасында жалған сатып алу-сату мәмілесі жасалып, күдікті жәбірленушіден 21 миллион теңге алған. Алайда ақшаны иемденген соң міндеттемесін орындамай, бой тасалаған.

Алданғанын түсінген азамат полицияға арызданған. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, ол ұсталды.

Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті бұл әрекетті бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену мақсатында алдын ала жоспарлаған.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Полиция азаматтарға коммерциялық нысандарды сатып алар алдында меншік құқығын растайтын құжаттарды мұқият тексеріп, мәліметтерді мемлекеттік дерекқорлар арқылы нақтылауға кеңес береді.