Астанада бөтен адамның атына 1,4 млн теңге несие рәсімдеген күдікті ұсталды

Астанада бөтен адамның атына 1,4 млн теңге несие рәсімдеген күдікті ұсталды
dauletten.kz

Астанада өзге адамның дербес деректерін пайдаланып, оның атына 1,4 миллион теңге көлемінде тауарлық несие рәсімдеді деген күдікпен 23 жастағы тұрғын ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.

Астана қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметінің  мәліметінше, күдікті жәбірленушінің ұялы телефонына қол жеткізіп, оның рұқсатынсыз банктік қосымшаға кірген. Кейін құрылғы иесінің жеке деректерін пайдаланып, 1,4 миллион теңге көлемінде тауарлық несие рәсімдеген.

Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті алынған қаражатты өз қажетіне жұмсап, жәбірленушіге материалдық шығын келтірген.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция күдіктінің жеке басын анықтап, оны бөлімшеге жеткізді.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.