Астанада 170 пәтерді иемденбек болған топ әшкереленді

Астанада 170 пәтерді иемденбек болған топ әшкереленді
egemen.kz

Астанада жалпы құны 4,4 млрд теңгеден асатын 170 пәтерді жалған құжаттар арқылы иемденбек болған қылмыстық топ әшкереленді. Күдіктілер арасында полиция қызметкерлері де бар, деп хабарлайды ult.kz.

Тергеу мәліметінше, «Төленді» тұрғын үй-құрылыс кооперативінің бұрынғы басшысы 2016 жылы 1,5 мың үлескердің 10 млрд теңгесін жымқырғаны үшін сегіз жылға сотталған. Бостандыққа шыққаннан кейін ол сыбайластарымен бірге әлеуметтік осал топтарға берілуі тиіс пәтерлерді иемденуді жоспарлаған.

Олар 80-нен астам адамның атына жалған келісімшарттар жасап, солардың атынан арыз түсірген. Сот шешімі арқылы пәтерлерді өз атына рәсімдеп, кейін сатпақ болған. Жалған келісімшарттарды сатып алған азаматтарға 400 млн теңгеден астам шығын келген.

Іс бойынша 19 адам күдікті деп танылып, тоғызы қамауға алынды. Күдіктілердің 250 млн теңгеден асатын мүлкіне тыйым салынды. Полиция қызметкерлеріне қатысты лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану және дәлелдемелерді бұрмалау деректері бойынша тергеу жүргізілді.

Сотқа дейінгі тергеу аяқталып, тараптар іс материалдарымен танысып жатыр.