Ақтөбеде мектеп оқушысына зорлық жасады деген күдік: 22 жастағы жігіт қамауға алынды

Ақтөбеде мектеп оқушысына зорлық жасады деген күдік: 22 жастағы жігіт қамауға алынды
24.kz

Ақтөбеде кәмелетке толмаған мектеп оқушысына зорлық жасады деген күдікпен 22 жастағы жігіт ұсталды. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, оқиғаның мән-жайы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ult.kz.

Жәбірленушінің әпкесі Ақмарал Әжғалиеваның айтуынша, оқиға биыл мамыр айында болған. Оның сөзінше, сіңлісі құрбысының үйіне барғаннан кейін үйіне қайтпақ болған сәтте құрбысының ағасы оны жібермей, зорлық көрсеткен.

Оқиғадан кейін мектеп оқушысының психологиялық жағдайы күрт өзгерген. Ол ешкіммен сөйлеспей, тамақ ішпей, тұйықталып кеткен. Болған жайтты бір айға жуық уақыт өткен соң ғана ата-анасы мен ағасына айтып берген. Жәбірленушінің туыстарының айтуынша, бұған күдіктінің қорқытып-үркітуі себеп болған.

– Сіңлім бұрын ашық-жарқын еді. Қазір қап-қара түнекке түскендей күй кешіп жүр. Ешкіммен сөйлеспейді, дұрыс тамақ та ішпейді. Ол қорыққандықтан бізге бірден ештеңе айтпады. Себебі әлгі жігіт өлтіремін деп қорқытқан. Біз тек әділ тергеу жүргізіліп, кінәлі адамның заң алдында жауап бергенін қалаймыз, – деді Ақмарал Әжғалиева.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

– Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде, – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Тергеу жалғасып жатыр. Заңнамаға сәйкес, күдіктінің кінәсі сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін дәлелденген болып саналмайды.