Ақтауда Каспий теңізінде серуендеп жүрген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты. Тағы бес адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ult.kz.
Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 30 тамыз күні кешке 5А шағынауданы маңында болған. Құтқару қызметіне хабарлама сағат 22:56-да түскен.
Катер бортында жеті адам болған. Құтқарушылар бес адамды жағаға шығарып, медицина қызметкерлеріне тапсырды. Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқан екі адам құтқару кеудешесін кимеген.
Іздеу-құтқару жұмыстары кезінде жағадан шамамен 500 метр жерден екі адамның денесі табылып, судан шығарылды.
Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің 35 қызметкері, төрт техникасы және төрт жүзу құралы жұмылдырылды. Сонымен қатар полицияның 10 қызметкері мен төрт техникасы, Апаттар медицинасы орталығының мамандары және жедел жәрдемнің бес бригадасы жұмыс істеді.
Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының мәліметінше, оқиғадан бес ер адам зардап шеккен. Төртеуінің денесінің бірнеше бөлігінен түрлі жарақат анықталған. Үш науқас жансақтау бөліміне жатқызылды. 1988, 2002 және 1964 жылы туған азаматтардың жағдайы ауыр, дәрігерлер бақылауында.
1985 жылы туған ер адамның жағдайы тұрақты. Ол травматология бөлімінде ем қабылдап жатыр. Ал 1996 жылы туған азаматқа медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаторлық ем тағайындалып, үйіне жіберілген.
Қазір полиция қайғылы оқиғаның нақты себептері мен мән-жайын анықтап жатыр.