Алматыда сүрілетін үйлердің картасы пайда болды

Алматыда сүрілетін үйлердің картасы пайда болды
Zakon.kz

Алматыда реновацияға түсетін үйлердің онлайн картасы іске қосылды. Енді қала тұрғындары өз үйінің сүрілуге жататынын интернет арқылы тексере алады, деп хабарлайды ult.kz.

Карта «Алматы» ӘКК сайтына орналастырылған. Корпорация реновация бағдарламасының әкімшісі ретінде нысандарды анықтап, инвесторларды іріктейді.

Үйдің реновацияға кіретінін қалай тексеруге болады?

Ол үшін:

  • «Алматы» ӘКК сайтына кіріңіз;
  • Іздеу жолағына үйдің мекенжайын жазыңыз;
  • «Табу» батырмасын басыңыз.

Алматыда қандай үйлер сүріледі?

Алматыдағы реновация бағдарламасы 2024 жылы қабылданып, 2030 жылға дейін жүзеге асырылады. Бағдарлама аясында ескірген тұрғын үйлерді сүріп, олардың орнына заманауи тұрғын үй кешендері мен қажетті инфрақұрылым салу жоспарланған.

2030 жылға дейін 1403 ескі үйді сүріп, шамамен 7500 меншік иесін жаңа баспанаға көшіру көзделген.

Қазір қалада жекелеген ескі үйлерді ғана емес, кварталдарды кешенді жаңарту тәсіліне көшіп жатыр. Оның аясында ескі көпқабатты және жеке үйлер, қажет болған жағдайда коммерциялық нысандар да сүрілуі мүмкін.

Қазіргі уақытта Алматының әртүрлі аудандарындағы бірнеше кварталды салуға инвесторлар іздестіріліп жатыр. Олардың қатарында жүздеген жеке үй бар.

Тұрғындарға не беріледі?

Ескі үйдің иелеріне «бөлмеге-бөлме» қағидаты бойынша жаңа баспана немесе нарықтық құнына сай ақшалай өтемақы беріледі.

Ал коммерциялық және тұрғын емес нысандардың иелеріне де өтемақы немесе құны мен сипаттамасы жағынан тең нысан ұсынылады.