Алматыда қарттардың пәтерін тартып алу деректері тергеліп жатыр

Алматыда қарттардың пәтерін тартып алу деректері тергеліп жатыр
Видеодан скриншот

Алматыда қарттардың баспанасын заңсыз иемденуге қатысты бірнеше қылмыстық іс тергелуде. Биыл 81 жастағы зейнеткерді ұрлап, пәтерін беруге мәжбүрлеген күдіктілер сотқа жіберілді. Ал 61 жастағы ер адамның өліміне қатысты төрт күдікті ұсталды. Тергеушілер олардың марқұмның пәтерін заңсыз рәсімдеуге қатысы бар-жоғын анықтап жатыр, деп хабарлайды ult.kz.

Жетінші арнаның мәліметінше, бұған дейін Алматыда баспанаға байланысты ауыр қылмыстар тіркелген. Бір қылмыстық топ 2006–2012 жылдары тоғыз адамды өлтірген. Ал басқа іс бойынша 22 адам сотталып, материалдарда 30-ға жуық пәтер аталған.

Заңгер Сергей Уткиннің айтуынша, нотариус мүлік иесінің құжатқа өз еркімен қол қойып отырғанына көз жеткізуі керек. Күдік туындаса, мәмілені тоқтатқан жөн.

Мамандар сенімхатпен келген өкіл пәтер иесімен оңаша сөйлесуге кедергі келтірсе немесе баспана нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан ұсынылса, сақ болуға шақырады. Қарт туыстардың жағдайын үнемі біліп, күмәнді мәмілелер алдында заңгерден кеңес алған маңызды.