Алматыда пәтерінен күштеп әкетілген ер адамның өліміне қатысты төртінші күдікті ұсталды

Алматыда пәтерінен күштеп әкетілген ер адамның өліміне қатысты төртінші күдікті ұсталды
Polisia.kz

Алматыда 61 жастағы тұрғынның өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша төртінші күдікті қолға түсті. Бұған дейін ер адамды пәтерінен ес-түссіз күйде көтеріп әкеткен сәт бейнекамераға түсіп, әлеуметтік желіде тараған еді, деп хабарлайды ult.kz.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, қылмысты тергеу үшін Ішкі істер министрлігінің тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы тергеу-жедел тобы құрылған.

Тергеу барысында оқиғаның мән-жайы, күдіктілердің жеке басы және олардың марқұмның пәтерін заңсыз иемденуге қатысы болуы мүмкін екені анықталған. Қазір төрт күдіктінің барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қажетті тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Полицияның хабарлауынша, істің тергелуі Ішкі істер министрінің жеке бақылауында.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде таңғы сағат 04:34-те түсірілген бейнежазба тараған. Кадрларда ер адамның басына пакет кигізіп, ес-түссіз күйде көтеріп әкеткен сәт бейнеленген. Желі қолданушылары оқиғаға «заңсыз риэлторлардың» қатысы болуы мүмкін екенін болжаған.

Кейін полиция үш күдіктінің ұсталғанын хабарлады. Енді олардың саны төртеуге жетті.