Алматыда есірткі сақтап, таратумен айналысқандар ұсталды

Алматыда есірткі сақтап, таратумен айналысқандар ұсталды
Polisia.kz

Алматыда "Қарасора" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында есірткі заттарын заңсыз сақтау және тарату фактілері анықталды, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, қала полициясы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері заңсыз есірткі айналымының жолын кесуге бағытталған кешенді жедел-іздестіру шараларын жүргізген.

Нәтижесінде есірткі заттарын сақтап, таратумен айналысты деген күдікке ілінген бірнеше азамат ұсталды. Тінту барысында өсімдік тектес және синтетикалық есірткілер, сондай-ақ оларды өлшеуге, буып-түюге арналған электронды таразылар мен арнайы орау материалдары тәркіленді.

Сонымен қатар жедел шаралар кезінде тыйым салынған өсімдіктерді сақтау деректері анықталып, қарасораға ұқсас өсімдіктердің түптері табылған.

Тергеу барысында заңсыз әрекетке қатысы болуы мүмкін тағы бір күдікті анықталып, оның тұрғылықты мекенжайынан есірткі заттары, арнайы құрал-жабдықтар және қылмыстық әрекетті дәлелдейтін өзге де айғақтар тәркіленді.

Аталған фактілер бойынша есірткі құралдарын өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтау және оларды заңсыз тарату белгілерімен қылмыстық істер қозғалды.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, есірткі қылмысына қарсы күрес және заңсыз айналым арналарының жолын кесу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.