Алматыда отбасылық жанжал адам өлімімен аяқталды. Қайғылы оқиға Алмалы ауданындағы Брусиловский көшесінде орналасқан тұрғын үйлердің бірінде болған, деп хабарлайды ult.kz.
Полицияның мәліметінше, таңғы сағат 03:00 шамасында пәтерде ер адамға пышақ жарақаты салынғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері мен дәрігерлер 59 жастағы ер адамды аман алып қала алмады. Ол көптеген пышақ жарақаты мен көп қан жоғалтудың салдарынан көз жұмған.
Күдік марқұмның 34 жастағы өгей ұлына түсті. Алдын ала мәлімет бойынша, отбасылық жанжал кезінде ол өгей әкесіне ас үй пышағымен бірнеше рет соққы жасаған. Тергеу нұсқасына сәйкес, жанжал марқұм мен жұбайы арасындағы келіспеушіліктен кейін туындаған.
Аталған дерек бойынша кісі өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазір полицейлер оқиғаның барлық мән-жайы мен қылмыстың нақты себептерін анықтау үшін кешенді тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.