Алматыда арандатушылық видеоларымен танылған 28 жастағы блогер Назар Роллан іздеуге жарияланды. Ол қаладағы «Льдинка» кафесінде болған төбелеске қатысты күдікті деп танылған, деп хабарлайды ult.kz Kozachkov offside Телеграм арнасына сілтеме жасап.
Блогер бұған дейін де жол ережесін бұзған видеоларымен танылған. Ол интернетте қауіпті көлік жүргізу және өзге де құқық бұзушылықтарды түсіріп, жариялап отырған. Осындай әрекеттерінің бірі үшін ол жеті тәулікке әкімшілік қамаққа алынған.
Ал бұл жолы блогерге қатысты «Льдинка» кафесіндегі төбелес дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Істі Алматы қаласы Алмалы ауданының полиция басқармасы тергеп жатыр.

Дереккөздің мәліметінше, Назар Ролланды тергеу аясында жауап беруге шақырғанымен, ол полицияға бармаған. Кейін блогердің Қазақстаннан кетіп қалғаны анықталған. Қазір оның Таяу Шығыста немесе Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің бірінде болуы мүмкін екені айтылады.
Тергеу әрекеттеріне қатысудан жалтаруына байланысты ол іздеуге жарияланған. Бұл іс бойынша блогердің сүйіктісі де күдіктілер қатарында екені хабарланды.