Алматыда музыка мен креативті индустрияны дамытуға арналған Almaty Studios шығармашылық кеңістігі ашылады, деп хабарлайды ult.kz.
Жоба қала әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылады. Оның бастамашысы – A’Studio тобының жетекшісі, музыкант әрі композитор Байғали Серкебаев.
Almaty Studios кешенінде дыбыс жазу студиясы, дайындық залы, оқу сыныптары, түсірілім павильоны және 100 көрерменге арналған концерт залы болады.
Мұнда музыка жазуға, дайындық өткізуге, бейне түсіруге, концерттер, шеберлік дәрістері мен шығармашылық кездесулер ұйымдастыруға мүмкіндік бар.
Жаңа кеңістік өнер жолын енді бастаған музыканттар мен кәсіби өнерпаздарға арналған. Олар мұнда тәжірибе алмасып, пікірлес адамдармен танысып, бірлескен жобаларды жүзеге асыра алады.
Сонымен қатар Almaty Studios базасында мәдени және оқиғалық туризмді дамытуға бағытталған іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр.