Алматының Наурызбай ауданында аумағы 1 гектар болатын жаңа қоғамдық кеңістік құрылып жатыр.
Саябақ отбасылық демалысқа, серуендеуге және түрлі жастағы тұрғындардың бос уақытын өткізуіне арналған. Ол Alem park аттракциондар саябағының жанында орналасқан.
Жаңа демалыс аймағын құру туралы Наурызбай ауданының әкімі Назира Тоғызбаева Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде мәлімдеді.

Жобада көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінген. Саябақ аумағына 200 ірі көлемді ағаш, 85 қылқан жапырақты ағаш, шамамен 30 мың бұта, сондай-ақ 1,5 мың раушан гүлі отырғызылды.
Тұрғындарға қолайлы болуы үшін жаяу жүргіншілер жолдары, орындықтар және жарықтандыру жүйесі қарастырылған. Жасыл желектердің жай-күйін тұрақты күтіп ұстау автоматтандырылған суару жүйесі арқылы қамтамасыз етіледі.
Жаңа демалыс аймағында фонтан, «Отбасы» композициясы, перголалар және балалар ойын алаңы да бар. Осылайша, кеңістік отбасылық демалысқа, серуендеуге және тыныш уақыт өткізуге арналған.

Жобаны іске асыру Наурызбай ауданында тұрғындар үшін абаттандырылған қосымша демалыс аймағын құруға және көгалдандырылған қоғамдық кеңістіктердің санын арттыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта саябақты құру жұмыстары аяқталуға жақын. Жаңа демалыс аймағын тұрғындар үшін жақын арада ашу жоспарланып отыр.