Алматы тұрғыны әскерге шақыруға қатысты жалған ақпарат таратқаны үшін жазаланды

Алматы тұрғыны әскерге шақыруға қатысты жалған ақпарат таратқаны үшін жазаланды
ашық дереккөз

Алматы тұрғыны әлеуметтік желіде азаматтарды денсаулық жағдайына қарамастан әскерге шақыруы мүмкін деген жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ult.kz.

2026 жылғы 17 шілдеде Алматы қаласының тұрғыны Facebook әлеуметтік желісінде белгілі бір аурулары бар азаматтар да әскери қызметке шақырылуы мүмкін екені туралы бейнежазба жариялаған.

Осы ақпараттың таралуына байланысты құзыретті органдар бірлесіп тексеру жүргізді. Нәтижесінде әлеуметтік желіде жарияланған мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтіні анықталды.

2026 жылғы 15 тамызда бейнежазба авторы Қазақстан заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

ҚР Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, азаматтың әскери қызметке жарамдылығы немесе жарамсыздығы медициналық тексеру нәтижесінде, оның денсаулық жағдайы ескеріле отырып анықталады.

Осыған байланысты азаматтарды денсаулық жағдайына қарамастан әскери қызметке шақырады деген ақпарат қолданыстағы тәртіпке сәйкес келмейді.

Әскери қызметке шақыру және медициналық куәландыру тәртібіне қатысты ақпаратты тек ресми дереккөздерден алу ұсынылды.

Ведомство азаматтарды әлеуметтік желідегі ақпаратты таратпас бұрын оның шынайылығын тексеруге және расталмаған мәліметтерді таратпауға үндеді.