Алатау қаласын дамытуға 2 трлн теңгелік 53 инвестициялық жоба әзірленді

Алатау қаласын дамытуға 2 трлн теңгелік 53 инвестициялық жоба әзірленді
gov.kz

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Алатау қаласы кеңесінің алғашқы отырысы өтіп, Мемлекет басшысының жаңа қаланы дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру барысы талқыланды, деп хабарлайды ult.kz.

Үкімет басшысы биыл 1 шілдеден бастап күшіне енген «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заң жаңа экономикалық реформалардың маңызды бөлігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Alatau City жобасы инвестиция тарту, заманауи басқару жүйесін енгізу және экономикалық өсімнің жаңа драйверін қалыптастыруға бағытталған.

Отырыста Alatau City Authority бас атқарушы директоры Алишер Абдықадыров жаңа қаланы дамыту жоспарларын таныстырды. Қазір нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыру, стратегиялық құжаттарды әзірлеу, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және Ынтымақ, Қоянқұс, Жетіген, Жаңадәуір мен Жаңаталап шағын аудандарының инженерлік-көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жоспар бойынша биылғы жылдың соңына дейін халықаралық ARUP және BCG компанияларының қатысуымен Алатауды 2055 жылға дейін дамытудың ұзақмерзімді жоспары, 2040 жылға дейінгі даму стратегиясы мен мастер-жоспары әзірленеді.

Сондай-ақ кеңесте K-Smart City, Alatau AI-Driven City және Alatau Crypto City жобалары таныстырылды. Олар смарт-технологияларды енгізу, жасанды интеллект пен Big Data негізінде қаланы басқару, сондай-ақ Web3 экожүйесі мен цифрлық активтерді дамыту бағыттарын қамтиды.

Бүгінде Алатауда жалпы құны 2 трлн теңгені құрайтын, 51 мың жаңа жұмыс орнын ашатын 53 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған. Олардың қатарында Iconic Complex, PepsiCo, Mars, Hyundai Green Food өндірістері, Khan Tengri Biopharma биофармацевтикалық зауыты, қалалық әуе мобильдігі жобалары және KAIST университетінің кампусын салу бастамалары бар.

Кеңес қорытындысы бойынша Alatau City Authority ұйымының жаңа мәртебесі бекітіліп, Жедел комитет пен Реттеуші комиссия құру туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар Алатау қаласы әкімдігі жанынан жер қатынастары жөніндегі уақытша комиссия құрылып, мастер-жоспар бекітілгенге дейін басым инвестициялық жобаларды сүйемелдейтін болады.

Олжас Бектенов мемлекеттік органдар мен Alatau City Authority-ге Алатау қаласын дамытудың негізгі бағыттары бойынша жұмысты жеделдетуді тапсырды.