Алакөлдегі қайғылы оқиға: екі гидроцикл соқтығысып, бір адам көз жұмды

Алакөлдегі қайғылы оқиға: екі гидроцикл соқтығысып, бір адам көз жұмды
pixabay.com

Алакөл көлінде екі гидроциклдің соқтығысуы салдарынан бір адам қаза тауып, тағы бір адам жарақат алды. Бұл туралы Жетісу облыстық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.

Ведомствоның мәліметінше, қайғылы оқиға 17 шілде күні Алакөл көлінің акваториясында болған.

Қазір аталған дерек бойынша Алакөл аудандық полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Полиция азаматтарға Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы №354 бұйрығымен бекітілген шағын көлемді кемелерді пайдалану қағидаларын еске салды. Аталған талаптарға сәйкес, навигациялық шамдармен жабдықталмаған шағын көлемді кемелерді қараңғы уақытта пайдалануға тыйым салынады.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, шомылу маусымы басталғалы бері су айдындарындағы қауіпсіздік талаптары мен шағын көлемді кемелерді пайдалану ережелерін бұзғаны үшін 108 әкімшілік хаттама толтырылған.

Жетісу облыстық Төтенше жағдайлар департаменті шағын көлемді кемелердің иелері мен жүргізушілерін судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға және тыйым салынған уақытта су көліктерін пайдаланбауға шақырды.