Әкімдік 100 пәтер бөлсе, 20-сы жетім балаларға беріледі

Әкімдік 100 пәтер бөлсе, 20-сы жетім балаларға беріледі
kn.kz

Соңғы екі жылда «жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санатына жататын 3189 қазақстандық Отбасы банктің қолдауымен баспаналы болды, деп хабарлайды ult.kz.

2025 жылы 582 адам тұрғын үймен қамтылса, 2026 жылы бұл көрсеткіш бес есеге жуық өскен. Оның ішінде 2274 адам жалдамалы баспана алған, 740 азамат жылдық 2 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген ипотека рәсімдеген. Ал 175 адамға жалдау ақысының 50 пайызын субсидиялау түрінде көмек көрсетілді.

Отбасы банктің мәліметінше, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға өзгерістер енгізілді. 2026 жылғы 14 қыркүйектен бастап бала асырап алу немесе қамқоршылық тоқтатылған жағдайда азаматтың тұрғын үй кезегіне тұрған бастапқы күні сақталады.

Сонымен қатар бөлінетін тұрғын үйдің кемінде 20 пайызы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға беріледі. Мәселен, әкімдік 100 пәтер бөлсе, оның 20-сы осы санатқа тиесілі болады.

Жетім балаларды тұрғын үй кезегіне туған сәтінен бастап қоюға мүмкіндік беріледі. 18 жасқа дейін ата-анасынан айырылғандардың бұл құқығы 29 жасқа дейін сақталады. Әскерге шақырылған азаматтар үшін мерзім қызмет өткеру уақытына ұзартылады.

Қазір тұрғын үй бөлу процесі автоматтандырылған. Жүйе азаматтың кезекке тұрған күнін, әлеуметтік санатын және табысын ескереді. Отбасы банк деректерді тексеру үшін 15 мемлекеттік ақпараттық базамен интеграцияланған.

Табысы төмен азаматтарға жалдау ақысын субсидиялау немесе жалдамалы тұрғын үй ұсынылса, ипотекалық қарызды өтеуге мүмкіндігі бар азаматтарға жеңілдетілген несие беріледі. Табыс туралы мәліметтер де цифрлық жүйе арқылы автоматты түрде тексеріледі.

Осылайша, жаңа жүйе тұрғын үйді бөлуде азаматтың әлеуметтік мәртебесімен қатар, қаржылық жағдайын да ескеруге мүмкіндік береді.