«Әкесі зорлады»: Екі жасар қызға қатысты іске байланысты анасы дабыл қақты

«Әкесі зорлады»: Екі жасар қызға қатысты іске байланысты анасы дабыл қақты
ашық дереккөз

Өскеменде үш баланың анасы кәмелетке толмаған қызына қатысты қылмыстық іс бойынша құзырлы органдардан араша сұрады. Айнұр Сүлейменова әлеуметтік желіде видео жариялап, биыл ақпанда қозғалған істің тергеуі әлі аяқталмағанын айтты, деп хабарлайды ult.kz.

КТК телеарнасының мәліметінше, әйелге, екі жастан асқан қызы әкесінің өзіне қатысты орынсыз әрекеттер жасағанын айтып берген. Осыдан кейін анасы баланы дәрігерге көрсеткен. Оның сөзінше, тексеру кезінде баланың денесінде қабыну белгілері анықталып, ол ем қабылдаған.

Айнұр Сүлейменова қызының қатты қорқып қалғанын айтып, істің соңына дейін жеткізіліп, кінәлі адам заң алдында жауап беруін талап етті.

— Кәмелетке толмаған баланың анасы ретінде әділдік орнағанын қалаймын. Қызымның құқығын қорғаңыздар. Қылмыстық іс 121-баптың 4-бөлігі бойынша қозғалған еді. Тергеу әлі аяқталған жоқ. Құзырлы органдардан бұл істі қатаң бақылауға алуды сұраймын, — деді ол.

Полицияның мәліметінше, күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Алғашында оған бұлтартпау шарасы қолданылған, кейін тергеу сотының қаулысымен үйқамаққа алынған.

— Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда. Тергеудің толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталған қажетті әрекеттер жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады ШҚО ПД баспасөз қызметі.

Анасы күдіктінің үйқамаққа алынуына алаңдап, қылмыстық істің объективті тергелуін сұрап отыр. Сонымен қатар ол істің аяқсыз қалуынан қауіптенетінін жеткізді.