"Әкеммен тағы сөйлесер едім": Жұмабек Жанықұл өткенге оралу туралы айтты

"Әкеммен тағы сөйлесер едім": Жұмабек Жанықұл өткенге оралу туралы айтты
Фото-коллаж: ult.kz

Кәсіпкер Жұмабек Жанықұл мен оның жұбайы, тележүргізуші Динара Жанықұлова өткенге оралу мүмкіндігі берілсе, өмірінің қай кезеңін қайта бастан өткергісі келетінін айтты, деп хабарлайды ult.kz.

Ерлі-зайыптылар бұл туралы "Заманback-2" фильмінің жабық көрсетілімінен кейін журналист Назеркенің сұрағына жауап берген.

Әлеуметтік желідегі жарияланған видеода журналист жұпқа өткен өміріне қайта оралу мүмкіндігі туса, қай уақытты таңдайтынын және кіммен сөйлескісі келетінін сұрайды. Жұмабек Жанықұл бұл сауалға жауап бергенде жақында дүниеден өткен әкесін еске алып, онымен тағы бір мәрте тілдесуді қалайтынын жасырмады.

"Ойбай… Менің әкем жақында қайтқандықтан, әкеммен сөйлесетін едім қайта-қайта. Басқа нұсқа жоқ, тек әкеммен сөйлесетін едім", – деді кәсіпкер.

Ал Динара Жанықұлова өткенге оралса, мектептегі соңғы жылын қайта өткізгісі келетінін айтты.

"Ал мен 1999 жылға, 11-сыныпқа қайтар едім. Өткенге қуана оралар едім. Бұл керемет қой, бірақ 1945 жылға емес", – деп әзілдеді тележүргізуші.

Осылайша, Жұмабек үшін өткенге оралудың басты себебі әкесімен қайта қауышу болса, Динара жастық шағын тағы бір мәрте сезінгісі келетінін жеткізді.

Ал видеоны жариялаған журналист Динараның неліктен 1945 жылды атап өткенін түсінгісі келетіндерге "Заманback-2" фильмін көруге кеңес берді.

Жұмабек Жанықұлов кім?

Жұмабек Есілбекұлы Жанықұлов – қазақстандық кәсіпкер, инвестор және қоғам қайраткері. Ол өндіріс, металлургия, химия өнеркәсібі және медицина салаларындағы бизнес жобаларымен танымал. 2022 жылы Forbes Kazakhstan журналы жариялаған "Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесмені" рейтингінде 46-орынға ие болды. Кәсіпкер Қарағанды облысында барит кенін өңдеумен айналысатын Karazhal Operating компаниясының негізін қалаған.

Сондай-ақ тау-кен және мұнай-газ саласына химиялық өнімдер жеткізетін Global Chemicals Company кәсіпорнын құрған. Жұмабек Жанықұлов Тараз металлургиялық зауыты мен Теміртау электрометаллургиялық комбинатының президенті ретінде де белгілі. Оның бизнес жобаларының қатарында Nova Medical Centre медициналық диагностикалық орталықтар желісі бар. Кәсіпкер "Кемел Ұрпақ" қоғамдық қорының негізін қалап, білім беру және әлеуметтік бастамаларды қолдауға атсалысқан. Сонымен қатар ол PARYZ ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы президиумының төрағасы ретінде танылған.

2025 жылдың сәуірінде Жұмабек Жанықұлов белгілі тележүргізуші әрі кәсіпкер Динара Сәтжанмен некелескен