Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай Бюро отырысын өткізіп, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау, заң шығару қызметінің негізгі бағыттары және Құрылтай регламентін әзірлеу мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ult.kz.
Отырыста қолданыстағы заңнаманы түгендеп, оны жаңа Конституцияға сәйкестендіру басты міндеттердің бірі ретінде белгіленді. Бұл бағыт Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған басымдықтармен қатар бейінді комитеттердің жұмыс жоспарына енгізілмек.
Айбек Дәдебай депутаттардың алдында бірқатар маңызды бағыт бойынша жұмыс тұрғанын атап өтті. Олардың қатарында:
- жасанды интеллект пен цифрлық активтерді дамыту;
- көші-қон саясатын жетілдіру;
- ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау;
- энергетикалық тұрақтылық пен баламалы энергетиканы дамыту;
- онлайн-платформалар мен БАҚ қызметін реттеу мәселелері бар.
Сонымен қатар Құрылтай күн тәртібіне кітапхана ісі мен кітап басып шығару саласын дамыту, жаңа мемлекеттік наградаларды заңнамалық тұрғыдан бекіту мәселелері енгізіледі. Атап айтқанда, «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу қарастырылады.
Алдағы үш жылға арналған республикалық бюджетті қарау да Құрылтай жұмысының негізгі бағыттарының бірі болмақ.
Бұдан бөлек, парламенттік бақылаудың тиімділігін арттыру, депутаттардың халықпен тұрақты байланысын қамтамасыз ету және «E-Parliament» жүйесін жедел енгізу мәселелеріне назар аударылды.
Бюро отырысында Құрылтай регламентінің жобасын әзірлеуге қатысты тапсырмалар да берілді. Комитеттер мен фракциялар өз ұсыныстарын жақын арада енгізуі тиіс. Құжатты Бюроның келесі отырысында қарау жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Құрылтай Төрағасының орынбасарларына тұрақты комитеттерге жетекшілік ету міндеті бекітілді.