88 миллион теңгені иемденді деген күдікті шкафтың ішіне тығылған жерінен ұсталды

88 миллион теңгені иемденді деген күдікті шкафтың ішіне тығылған жерінен ұсталды
Polisia.kz

Батыс Қазақстан облысында халықаралық іздеуде жүрген күдікті қолға түсті. Ол Орал қаласында жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында ұсталған, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, ер адам 2025 жылдың ақпан айынан бері халықаралық іздеуде болған. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол алдау және сенімге қиянат жасау арқылы қайырымдылыққа жиналған 88 миллион теңгеден астам қаржыны заңсыз иемденген деген күдікке ілінген.

Ұстау кезінде күдікті тәртіп сақшыларынан жасырынуға тырысып, шкафтың ішіне тығылған. Алайда полиция қызметкерлері оның жасырынған жерін анықтап, ұстап алды.

Аталған азаматқа Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігі («аса ірі мөлшердегі алаяқтық») бойынша күдік келтірілген.

Қазіргі уақытта күдікті Орал қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.