8–10 қазанда елде ауа райы күрт өзгереді: жаңбыр, сулы қар және көктайғақ күтіледі

8–10 қазанда елде ауа райы күрт өзгереді: жаңбыр, сулы қар және көктайғақ күтіледі
Ашық дереккөзден

8–10 қазанда Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болады. Атмосфералық фронтальды бөліктердің өтуіне байланысты жаңбыр жауып, солтүстік-батыс, солтүстік және шығыс өңірлерде жаңбыр мен сулы қар күтіледі, деп хабарлайды ult.kz.

Қазгидрометтің мәліметінше, шығыс өңірлерде көктайғақ құбылыстары болжанады. Республика бойынша жел күшейіп, түнгі және таңертеңгі уақытта тұман түсуі мүмкін.

Тек Қазақстанның батысы мен оңтүстігінде антициклонның әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы қалыптасады.

Өңірлердегі температура

Қазақстанның батысында түнгі ауа температурасы +5+16°С аралығында болады. Күндіз ауа температурасы +17+22°С-тан +22+27°С-қа дейін жоғарылайды.

Солтүстік-батыс, солтүстік және орталық өңірлерде түнгі температура +3+13°С-тан -1-6°С-қа дейін төмендейді. Күндізгі ауа температурасы +10+27°С аралығында болады.

Шығыста түнде ауа температурасы 0,+8°С шамасында сақталады. Күндіз температура +10+15°С-тан +2+7°С-қа дейін төмендейді.

Оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде түнде ауа температурасы +3+10°С болады. Таулы аудандарда 2°С-қа дейін үсік күтіледі. Күндіз ауа температурасы +17+25°С, таулы аудандарда +12+17°С шамасында болады.