5 млн теңге шығын: Астанада дүңгіршек орнатуға уәде берген әйел ұсталды

5 млн теңге шығын: Астанада дүңгіршек орнатуға уәде берген әйел ұсталды
Polisia.kz

Астанада модульдік дүңгіршектерді дайындап, орнатуға уәде беріп, азаматтардың ақшасын иемденді деген күдікпен 28 жастағы әйел ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша, келтірілген шығын көлемі шамамен 5 млн теңгені құрайды, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, күдікті әлеуметтік желілерде модульдік құрылымдарды дайындау және орнату қызметтерін ұсынатыны туралы хабарландырулар жариялаған. Оған сенген азаматтар әйелмен кездесіп, жұмыс шарттарын талқылап, қызмет ақысын төлеген.

Алайда ақшаны алғаннан кейін күдікті түрлі сылтаумен жұмысты кейінге қалдырып, кейін тапсырыс берушілермен байланысын үзген. Полиция осыған ұқсас тағы төрт деректі тіркеді.

Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті елдің басқа өңірінен ұсталды. Аталған фактілер бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Полиция азаматтарды интернет арқылы қызметке тапсырыс бергенде орындаушының сенімділігін тексеріп, келісімшарт жасаспай және тиісті құжаттарды рәсімдемей тұрып қомақты қаражат аудармауға шақырады.