5 айлық сәби қаза тапқан жол апаты: күдіктіні тапқан адамға 500 мың теңге беріледі

5 айлық сәби қаза тапқан жол апаты: күдіктіні тапқан адамға 500 мың теңге беріледі
Заңгерлік компанияның Instagram парақшасынан алынды

Қызылордадағы заң компанияларының бірі күдіктінің жүрген жерін анықтауға көмектескен адамға 500 мың теңге сыйақы жариялады, деп хабарлайды ult.kz.

Компанияның хабарлауынша, ақпарат нақты әрі шынайы болып, күдіктіні табуға тікелей ықпал етуі керек. Сыйақы құқық қорғау органдары ақпараттың нәтижелілігін растағаннан кейін төленеді. Күдікті туралы мәлімет білетіндер 102 нөміріне хабарласа алады.

Қайғылы оқиға 13 қазанда сағат 17:00 шамасында Қызылорда қаласындағы Құлтекенов көшесінде болған. Көлік астына түскен әйел ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Оның бес айлық ұлы да басынан жарақаттанып, ауруханаға түскен. Алайда дәрігерлер сәбидің өмірін сақтап қала алмады.

Полиция күдіктіні іздестіру шараларын жалғастырып жатыр. Қалаға кіретін жолдардағы бақылау күшейтіліп, іздестіруге тәртіп сақшылары жұмылдырылған. Әзірге жүргізушінің қайда екені белгісіз.