Қарызға ақша беріп, орнына азаматтардың үйі мен көлігін иемденді деп айыпталған Рита Утеуованың ісін кассациялық сот қарайды. Тергеу материалдарына сәйкес, келісімшарттарда нақты берілген сомадан бірнеше есе көп қарыз көрсетіліп, азаматтардың мүлкі кепілге алынған, деп хабарлайды ult.kz.
Kozachkov offside Telegram-арнасының мәліметінше, «Евро Ломбард» ұйымының бұрынғы директоры қаржылық қиындыққа тап болған адамдарға қарыз беріп, олардың мүлкін иемденгені үшін жауапқа тартылған.
Мәселен, бір әйел 4 миллион теңге қарыз алу үшін құны 50 миллион теңге болатын үйін кепілге қойып, кейін баспанасынан айырылған. Келтірілген шығын 27 миллион теңгеден асқан. Тағы бір азамат шамамен 50 мың доллар қарыз алып, ақырында үйі мен көлігінен айырылған. Ал баласына ота жасату үшін 7 миллион теңге сұраған әйелдің келісімшартында 14 миллион теңге көрсетіліп, пәтері сатылған.
Тергеу 2016 жылы басталып, іс бойынша алаяқтық, заңсыз кәсіпкерлік және өз бетінше әрекет етуге қатысты 15 эпизод тіркелген.
2024 жылы Утеуова ақталғанымен, Жоғарғы сот Бас прокурордың наразылығынан кейін ақтау үкімінің күшін жойып, істі қайта қарауға жіберген. Қайта қарау нәтижесінде Утеуова мен оның сыбайластары алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылған. Негізгі айыпталушы 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған.
Енді істі кассациялық сот қарайды. Тергеу барысында Утеуованың он жер телімі, басқа да жылжымайтын мүліктері және төрт көлігі бары анықталған. Олардың тағдыры да сотта шешілуі мүмкін.