25 млн теңгені алма түбіне жасырған: Павлодарда кәсіпорын күзетшісі ұсталды

25 млн теңгені алма түбіне жасырған: Павлодарда кәсіпорын күзетшісі ұсталды
Polisia.kz

Павлодарда кәсіпорыннан шамамен 25 млн теңге ұрлады деген күдікпен оның бұрынғы күзетшісі ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, полицияға Павлодардағы кәсіпорындардың бірінен қомақты қаражаттың ұрланғаны туралы хабарлама түскен. Алдын ала мәлімет бойынша, келтірілген шығын көлемі шамамен 25 млн теңгені құраған.

Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер күдіктінің жеке басын анықтады. Ол кәсіпорында күзетші болып жұмыс істеген.

Күдіктінің саяжайындағы учаскеге тінту жүргізу кезінде тәртіп сақшылары 24 млн теңге ақшаны тапқан. Күдікті қаражатты алма ағашының түбіндегі кастрөлдің ішіне жасырған.

«Күдікті ұсталып, Павлодар қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тәркіленген ақша қылмыстық іс бойынша заттай дәлелдеме ретінде тіркелді», — деді Павлодар қаласы ПБ бастығы Балғабай Қапаров.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.