Атырау облысында тұрғыннан 2,5 млн теңге бопсалады деген күдікпен 35 жастағы ер адам ұсталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.
Ведомствоның мәліметінше, Атырау облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында Индер ауданының 35 жастағы тұрғынын қолға түсірген.
Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті жәбірленушіден 2,5 млн теңге көлемінде ақша бопсалаған. Тінту кезінде одан бопсалау жолымен алынған 2,2 млн теңге тәркіленді.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
«Өзге ақпарат Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды», – деп хабарлады ІІМ.
Полиция азаматтарды қорқытып ақша талап еткен жағдайларда заңсыз талаптарға көнбеуге және мұндай деректер туралы дереу құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырды.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде бопсалау және тонаумен айналысты деген күдікпен жеті адамның ұсталғаны хабарланған болатын.