1,5 млрд теңгенің алтыны шетелге заңсыз шығарылмақ болған

1,5 млрд теңгенің алтыны шетелге заңсыз шығарылмақ болған
Polisia.kz

Жетісу облысында құны 1,5 млрд теңге болатын 2,6 мың тонна алтын құрамды кенді шетелге заңсыз әкету әрекетінің жолы кесілді. Шикізаттың нақты құрамы кедендік құжаттарда жасырылған, деп хабарлайды ult.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, кенді шетелге шығару кезінде құжаттарға жүк «мыс кені мен концентраттары» деп енгізіліп, алтын құрамды шикізаттың сипаты бүркемеленген.

Тергеу және жедел-іздестіру шаралары барысында Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарындағы қоймалардан ірі контейнерлерге тиелген 1 мың тоннадан астам шикізат табылды.

Заңсыз экспортты ұйымдастыруға қатысы бар тұлғалар да анықталды. Олардың қатарында «RedGold Mining» ЖШС экспорттаушы компаниясының директоры бар.

Қазіргі уақытта екі күдікті қамауға алынған. Сот санкциясымен серіктестіктің ақшалай қаражатына тыйым салынды.

Қаржылық мониторинг агенттігі Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеудің өзге мәліметтері жария етілмейтінін мәлімдеді.

Айта кетейік, Қазақстан алтын өндіретін әлемдегі үздік 15 елдің қатарына кіреді.