
Егеменді елдің 25 жылдығы қарсаңында жарыққа шығып отырған отандық өнімнің сұранысқа ие болып жатқаны бізді қуантты. Жас буын өкілі «Тәуелсіз ел жастары» қоғамдық қорының мүшесі Сайлаухан Абылай бастаған осынау өнімнің ерекшелігі мен қыр-сырын білу үшін сұхбаттасып көріп едік. Сол сұхбатты сіздерге ұсынып отырмыз.
- Бұндай киім үлгісін ойлап табуға не себеп болды? Негізгі мақсаттарыңыз қандай?
- Биылғы жыл біз үшін ерекше есте қалатын жыл болуы керек. Себебі қаншама ғасырлардан бергі ата-баба арманы бүгінгідей бейбіт елде, бір тудың астында ғұмыр кешу болатын. Шүкір, Тәуелсіздік таңының атқанына 25 жыл толғалы отыр. Кез келген адам өзінің, ата-анасының, достарының туған күнін мереке ретінде атап өтіп, құттықтайтыны анақ. Ал бұл мереке біздің Отанымыздың, Қазақстанымыздың ширек ғасырлық мерекесі. Ендеше оны есте қалатындай атап өту, сіз бен біздің борышымыз деп білем. Осы орайда біз де өзіміздің тарапымыздан осындай киім үлгісін барша халыққа ұсынып, егемендігімізді ұлықтауға үлес қоссақ деп отырмыз.
- Дизайнды өздеріңіз ойлап таптыңыздар ма? Жоқ әлде тапсырыс па?
- Адамның бойында Отанына деген ерекше ыстық махаббат болады. Ол біздің әрқайсымыздың жүрегімізде сақтаулы. Дизайн да сондай жүректен шыққан десем артық болмас. Бір қарағанда қарапайым болып көрінуі мүмкін. Бірақ ар жағында астарлы ой, тарихымызға деген сүйіспеншілік жатыр. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы тойына жастарымыздың тарапынан қосылған аздаған үлес деп ойлаймын. Әр қазақ баласының кеудесінде "Менің Қазақстаным" деген патриоттық сезім тулап жүрсе деген ізгі ой. Дизайнді өзімнің ағам суретші Нұрбол Жақыпбайұлы екеуміз бір айдан астам уақыт ойластырып отырып жасадық.
- Сатып алу үшін тапсырысты қалай беруге болады? Алматыдан бөлек қай қалалар тапсырыс бере алады?
- Қазақстанның кез келген бұрышынан тапсырыс беруге болады. Тіпті шалғайда жатқан ауылдарға да жеткізу қарастырылған. Ол үшін «tauelsizel.zhastary» атты біздің сайтқа кіріп, сол жерден өзіне ұнаған дизайндағы футболкаға тапсырыс беруге болады. Сонымен қатар әлеуметтік желілер арқылы тікелей сайтқа кіруге болады. Болмаса 8707 462 04 07, нөмері арқылы да тапсырыс беруге болады.
- Тапсырыс беріп қызыққандар бар ма?
- Әрине бар. Жақында Алматы қаласының тұрғыны өзінің жанұясына арнап алты футболка сатып алды. Жұбайымен қоса екі ұл, екі қызына. Өзі күнделікті жұмысқа киіп барады екен. Біз бұған әрине қуаныштымыз. Елімізде аз уақыттың ішінде болған бірнеше қайғылы оқиғалар халықты үрейлендіріп қойғаны рас. Осындай уақытта бізге бірлік пен ынтымақтан бөлек қазақы рухты көтеру керек. Әсіресе жастарымыздың еліне деген, жеріне деген отансүйгіштік рухы мықты болуы тиіс. Себебі кез келген мемлекеттің негізгі қозғаушы күші ол – жастар. Сондықтан Қазақстанның қай бұрышында жүрсе де осындай киім үлгісін зор мақтанышпен киеді деп ойлаймын.
- Сұхбаттасқаныңызға алғыс білдіреміз!
Ұлт порталы


